«Еркін елдің ертеңі – кемел білім мен ана тілінде»
13 сәуір күні «Еркін елдің ертеңі – кемел білім мен ана тілінде» атты «Сөз сыры» пән апталығының жоспарына сәйкес қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Компыш Айзат 6-сынып оқушылар арасында «Балалар әдебиеті – ғажайып әлем» тақырыбында танымдық сайыс сабағын өткізді. Сайыс «Зерек болсаң, зерделе!», «Жаңылдырсаң да жаңылмаймын», «Тапқыр болсаң, тауып көр!» атты үш кезеңді қамтыды. «Зерек болсаң, зерделе!» кезеңінде оқушылар С.Мұратбековтың «Жусан иісі», О.Бөкейдің «Тортай мінер ақ боз ат» әңгімелері мен Қ. Әбдіқадыровтың «Қажымұқан» повесі бойынша сұрақтарға жауап берсе, «Жаңылдырсаң да жаңылмаймын» кезеңінде жаңылтпаш айтып жарысты, ал «Тапқыр болсаң, тауып көр!» кезеңінде әр топ бір-біріне жұмбақ жасырып, шешуін тапты.
Сайысқа әр сыныптан 3 команда қатысып, 1-орынды 6 «Ә» сыныбының «Болашақ», 2-орынды 6 «А» сыныбының «Бірлік», 3-орынды 6 «Б» сыныбының «Алтын дән» командасы иеленді. Оқушылардың рухани мәдениетін байытып, оқуға құштарлығын арттыруды, тапқырлық пен шешендікке баулуды мақсат еткен бұл іс-шараның оқушылар үшін танымдық, тәрбиелік мәні зор болды.